23 сағат бұрын
MEGOGO Alternativa жобасының әлеуметтік фильмдер топтамасын ұсынады
Халықаралық онлайн-кинотеатр MEGOGO Орталық және Оңтүстік Азияның авторлық киносына бағытталған Alternativa жобасының әлеуметтік фильмдер топтамасын ұсынады. MEGOGO каталогына тәуелсіз режиссерлер түсірген және Alternativa фестивалінің бағдарламасы әр жылдары іріктеп алған 20-дан астам көркем және деректі фильм енеді.

Бұл фильмдерді жеке, әлеуметтік және мәдени шынайылыққа назар аудару біріктіреді. Оқиғалардың өзегінде – адам таңдауы, дәстүр қысымы, болмыс, есею және отбасы мәселелері. Бұл – күрделі тақырыптарды ашық әрі тікелей қозғайтын кино.
«Alternativa Film Festival топтамасының MEGOGO платформасына шығуы бүгінгі стримингтің қандай бола алатыны туралы түсінікті кеңейтеді: ол тек ойын-сауық кеңістігі ғана емес, шынайылықты бейнелейтін, күрделі әлеуметтік мәселелерді көтеретін және түрлі елдер мен мәдениеттерден шыққан авторларға үн беретін мазмұнды кино алаңы бола алады. Көрермендер үшін бұл – әдетте фестиваль аясында ғана көрсетілетін фильмдерді енді үйде көруге сирек мүмкіндік», – деп пікір білдірді MEGOGO директоры Нұрлан Чукубаев.
«Alternativa жобасы киноның ықпал ету күші бар деген идеяға негізделген – ол біздің көптеген мәселелерге көзқарасымызды өзгертіп, жаңа кеңістіктер мен проблемаларды ашып, маңызды пікірталастарға бастау бола алады. Сондықтан Alternativa фильмдерінің MEGOGO платформасында шығуы – бұл туындылардың аудиториясын айтарлықтай кеңейтіп, ықпал ету және пікірталас алаңын ұлғайту мүмкіндігі», – деп атап өтті Alternativa жетекшісі Лиза Сурганова.
Топтамадағы негізгі фильмдердің қатарында – «Непокорная» (Үндістан, 2024) драмасы бар. Онда сүйіспеншілікке ұмтылған жас әйелдің арманы касталық және патриархалдық қатаң шектеулер жүйесіне тап болады. Alternativa Film Festival 2024 жеңімпаздарының бірі атанған бұл фильм әйелдер құқығы, гендерлік теңсіздік және дәстүр атауымен бүркемеленген зорлық-зомбылық тақырыптарын көтереді.
«Мы живем здесь» (Қазақстан, 2025) деректі фильмі қазақ даласындағы ядролық сынақтардың ауыр мұрасына үңіліп, өткеннің тұтас отбасылар мен аймақтардың өміріне қалай әсер етіп отырғанын көрсетеді. Alternativa Film Labs түлегі түсірген бұл картина – Қазақстанның заманауи тарихымен тікелей байланысты топтамадағы сирек еңбектердің бірі.
Орталық Азия фильмдері топтамада ерекше орын алады. «Похищение невесты» (Қырғызстан, 2023) – қалыңдық ұрлау оқиғаларына негізделген драмалық триллер, әйелдерге қарсы жүйелі зорлық-зомбылықты әшкерелейді. «Воскресенье» (Өзбекстан, 2023) – бір ауыл отбасының мысалында ата-аналар мен есейген балалар арасындағы ұрпақтар қақтығысын баяндайтын оқиға.
Деректі кино бағыты да камералық оқиғалармен ұсынылған. «Базар» (Қырғызстан, 2023) Орталық Азиядағы ең ірі базарды заманауи қоғамның метафорасы ретінде зерттейді. Ал «Зимних каникул не будет» (Непал, 2023) дәстүр мен әлеуметтік рөлдер бәрін айқындайтын оқшау таулы ауылда өмір сүруге мәжбүр екі әйелдің тағдырын баяндайды.
Топтаманың жеке бір бөлігін Alternativa кинозертханалары аясында түсірілген қысқаметражды фильмдер құрайды. Бұл туындылар есею, цифрлық осалдық, жалғыздық және заманауи әлемде өзін іздеу тақырыптарын қозғайды. Олардың қатарында «#малолетки» (Филиппин, 2023) және «Сын отца своего» (Қырғызстан, 2022) фильмдері бар.
Барлық фильмдерді MEGOGO платформасынан 17 ақпаннан бастап көруге болады.
Alternativa — inDrive жаһандық технологиялық компаниясы бастаған халықаралық коммерциялық емес жоба. Жоба Глобалдық Оңтүстік елдеріндегі кинематографистерді қолдауға және олардың қоғамға пайдалы, маңызды фильмдер түсіруіне мүмкіндік жасауға бағытталған.
Alternativa-ның мақсаты — әлеуметтік мәні бар кино түсіретін авторларға халықаралық деңгейде танылуға көмектесу және олардың фильмдерін кең әрі түрлі аудиторияға жеткізу.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»